Әлемде індет жұқтырғандар саны 7 миллионнан асып кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемде індет жұқтырғандар саны 7 миллионнан асып кетті

08.06.2020

Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 7 миллионнан асты. Жалпы, пандемия басталғалы 400 мыңнан астам адам қауіпті дерттен жан тәсілім еткен. Науқастар саны бойынша алғашқы үштікке АҚШ, Бразилия, Ресей кірді. Америкада басталып, бірнеше елге таралған нәсілшілдікке қарсы наразылық акциялары да жағдайды өршітіп тұр.

АҚШ-та коронавирустан 110 мыңнан астам адам қайтыс болды. Ұлыбритания да осындай толқулардан қауіптеніп отыр. Құрлық асып, елге жеткен шерулерге 10 мыңнан астам адам қатысып жатыр.

Латын Америкасы елдерінде COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны 1,3 миллионнан асты. Бразилияда науқастар саны 692 мыңға жетіп, 37 мың адам қайтыс болған.

Чилиде де жағдай мәз емес. Мұнда науқастар саны күн сайын артып, 128 мыңға жетті. Ал Сингапурда жаңадан тіркелген COVID-19 науқастарының жартысында ауру белгілері байқалмаған. Соңғы екі аптада 6 мыңнан астам симптомсыз науқас тіркелді. Енді ел билігі 5,7 миллион тұрғынды вирус жұқтырғандармен қарым-қатынас болғанын анықтайтын арнайы Blutooth қондырғысымен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.

Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу