Facebook қызметкерлері Цукербергке наразы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Facebook қызметкерлері Цукербергке наразы

02.06.2020
Facebook қызметкерлері Цукербергке наразы

Facebook қызметкерлері компания басшысы Марк Цукербергтің Дональд Трамптың Миннеаполистегі тәртіпсіздікке байланысты жариялаған жазбасын өшірмеу туралы шешіміне қарсылық білдірді. Олар АҚШ президентінің жазбасына «бұл зорлық-зомбылықты насихаттау» деп белгі қойған Twitter-ді жақтап, Цукербергті сынға алды. Осылайша виртуалды наразылық акциясын ұйымдастырды.

Өткен аптада Дональд Трамп Twitter-де: «Бұзақылар Джордж Флойдке құрметсіздік көрсетіп отыр, мен оған жол бермеймін. Губернатор Тим Уолзбен сөйлестім. Қандай да бір қиыншылық туса, біз бақылауды қолға аламыз. Бірақ жаппай тонау басталса, ату басталады», - деп жазған еді. Сондай-ақ, ол бұл жазбасын Facebook пен Instagram-да да жариялады.

Бірақ Цукерберг Facebook әкімшілігі осы хабарламадан ешқандай бұзушылықтарды анықтамағанын айтты. Ал Twitter әлеуметтік желісі ол жазбаға «Бұл твит Twitter-дің зорлық-зомбылықты насихаттау туралы ережесіне қайшы» деген ескерту белгісін қойды. 

Осылайша Цукербергтің бұл ұстанымы компания қызметкерлерінің наразылығын туғызды. Олар әлеуметтік желіде басшылықтың ұстанымын мүлдем қолдамайтындарын айтты.

Ал Facebook басшылығы қызметкерлерінің бұл наразылығына байланысты әзірге жауап берген жоқ.

reuters.com

Хабарламаларға жазылу