Павел Дуров Facebook пен Instagram-ды сотқа бермек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павел Дуров Facebook пен Instagram-ды сотқа бермек

18.06.2020
Павел Дуров Facebook пен Instagram-ды сотқа бермек

Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров Facebook пен Instagram әлеуметтік желілеріне наразы. Оның айтуынша, аталған желілер алаяқтардың Дуров атын жамылып жасаған жазбалардың анық-қанығына көз жеткізбей демеушілік білдіреді. Әлеуметтік желі әкімшілігінің мұндай салғырттығына ашуланған миллиардер, оларды сотқа беруге дайын екенін жеткізді.

«Facebook пен Instagram әкімшілігі алаяқтардың менің атымды жамылып жасаған жарнамаларына демеушілік білдіріп, желі қолданушыларын қате түсінікке итермелеп отыр. Алдағы бір аптаның ішінде бұл мәселе ретке келтірілмесе, заң алдында жауап беруге дайын болсын»,- деп Telegram-да дәлелдерін келтірді.


Сонымен қатар, Павел Дуров Facebook билік тарапынан келіп түскен шағымдар бойынша желі қолданушылары жариялаған жазбаларды жылдам өшіруге тырысатынын айтты. Бұл Дуров пен Facebook арасындағы алғашқы кикілжің емес. 2019 жылдың қараша айында атақты программист азаматтарға компанияға тиесілі WhatsApp мессенджерінен бас тартуды ұсынған болатын. Ол WhatsApp желісі адамдардың құпия ақпараттарын жоғарғы деңгейде сақтай алмайды деп айыптаған еді.

BBC


Хабарламаларға жазылу