Ресейде 400 журналист індет құрығына ілікті. Қатерлі кеселден бесеуі қайтыс болды. Мамандардың айтуынша, ауруды жұқтыру көрсеткіші шарықтау шегіне жетті, науқастардың саны 400 мыңнан асты. Дегенмен көрші елде бүгіннен бастап карантиндік шектеулер алынып тасталды.
Иә, бір алынып, одан қайта күшейтілген карантиндік шаралар осымен аяқталды. Өйткені 24 маусымда өтетін әскери парадқа дейін өмірді қалыпты арнаға келтіру керек. Оның үстіне Мәскеуде соңғы бір аптада инфекцияға қарсы антиденелерді анықтауға арналған тесттен 50 мыңдай адам өткен. Соның нәтижесі бойынша, әрбір сегізінші азаматтың коронавирусқа қарсы иммунитеті бары анықталды. Ал халық тығыз орналасқан қалалар мен аймақтарда азаматтардың жүріп-тұруына қатысты шектеудің біразы сақталады. Аптасына үш рет саябақта демалуға болады. Таңғы 5:00-ден 9:00-ге дейін жүгіруге рұқсат бар. Ал Мәскеу шаһарының басшысы коронавирусқа қарсы вакцина табылмайынша, қала тұрғындары маскамен қолғап тағып жүруге міндеттелетінін айтты.
Индира БЕГАЙДАР