Түркия туристерді Ораза айтынан соң, яғни мамыр айының аяғында қабылдай бастайды. Бұл ақпаратты елдің денсаулық сақтау министрі Фахреттин Қожа айтты. Қазір елдің Мәдениет және туризм министрлігі туристерге қатысты жаңа ереже әзірлеп жатыр. Оған сай елге шетелден келген барлық адам әуежайда міндетті түрде коронавирусқа тест тапсырады. Бұл жәй экспресс тест емес, арнайы күрделі молекулярлық сынама алынатынын айтты министр. Ал тесттің қорытындысы шыққанша, турист бірнеше сағат әуежайда күтуі тиіс. Сондай-ақ маска тақпаған адам әуежайға кіре алмайды.
Түркиядағы коронавирустың таралуы соңғы екі аптада саябырсыды. Бүгінге дейін 143 мыңнан аса адам вирус жұқтырған болса, олардың 102 мыңдайы жазылып шыққан. 3900 адам қайтыс болды. Бүгінде Түркия вирус жұқтырған мемлекеттер арасында әлемде тоғызыншы орында тұр.
Айдос ӘШІМ