Атырау облысында бір күнде 92 адамнан коронавирус анықталды. Осылайша, өңірде СOVID-19 жұқтырғандар саны 432-ге жетті. Індетке шалдыққан 90 адам Теңіз мұнай кенішіндегі мердігер мекемелерде жұмыс істеген. Олармен жақын байланыста болған 2 мың адам карантинге жатқызылды. Ал қалған екі науқас қала тұрғыны. Жедел штабтың мәліметіне сай, Теңіздегі жағдайдың ушығуына, жұмысшылардың карантин талаптарын сақтамауы себеп болған.
Маңғыстауда коронавирустың таралуына жол берген ауыл әкімі қызметінен қуылды. Қарақия ауданындағы Сенек ауылында 1 аптада 23 науқас тіркеліп, өңірде эпид ахуалдың нашарлауына себеп болды. Мамандар тұрғындардың індетті асқа жиналғанда жұқтырғанын анықтады. Ауру ошағы залалсыздандырылып, науқастармен байланыста болғандар карантинге жабылды. Қазір ауылға кіріп шығу тоқтаған. Ал өңір бойынша 130 науқас тіркеліп, оны отызы емделіп шықты.
Жандос ТЕМІРҒАЛИ