Әлем елдері карантин талаптарын жеңілдетуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлем елдері карантин талаптарын жеңілдетуде

28.04.2020

Әлем елдері бірінен соң бірі карантин талаптарын жеңілдетіп жатыр. Дәмханалар мен сұлулық салондары ашылып, халық қалыпты өмірге орала бастады. Алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оқшаулау режимін бәсеңдетуге әлі ерте деп отыр. Себебі жұқпалы дертке шалдыққандар саны бүгінде 3 миллионнан асып кетті.  

Пандемия әлем жұртына күнделікті тірлікті қалай қадірлеуді үйреткендей. Швейцария тұрғындары тіпті шаштараздың ашылғанына мәз. Жаңа Зеландияда қозғалысты шектеу режимі тоқтап, 400 мың адам жұмысқа шықты.

Ал Австралияда жағажайларда демалуға рұқсат берілді.

Германияда тұрғындар болса, қоғамдық орындарда маска тағып жүруге міндеттелді. Оған вирус жұқтырғандар санының күрт өсуі себеп. Енді көшеде бетпердесіз жүргендерге қомақты айыппұл салынады.

Қауіпті дерттен қатты зардап шеккен Италияда қоғамдық көліктер қайта жүре бастады. Алайда жолаушылар автобус пен метро вагонында ара-қашықтықты сақтауы тиіс. Ол үшін арнайы белгілер де қойылды.

Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу