Түркияда коронавирустан жазылып шыққандар көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда коронавирустан жазылып шыққандар көбейді

28.04.2020

Түркияда бір тәулік ішінде коронавирустан жазылған адамдар саны вирус жұқтырғандардың санынан асты. Мәселен кеше бір күнде науқастанған 2131 адам болса, жазылғандар саны бұдан екі есе көп, яғни 4 мыңның үстінде. Елдің денсаулық сақтау министрі бұл көрсеткіш вирустың жеңіле бастағанының белгісі деді. Дегенмен елдегі сақтық шаралары әлі де қатаң. Әзірге мектептер мен қоғамдық тамақтану орындарын ашу туралы сөз болған жоқ. Дегенмен мамырдың басында сауда орталықтары ашылуы мүмкін екені айтылды. Халыққа бейне үндеу жолдаған ел президенті Режеп Тайып Ердоған вируспен күрестегі осы жетістіктерді жоғалтпау үшін Рамазан айының соңына дейін әр сенбі-жексенбі көшеге шықпау тыйымы сақталатынын айтты.

Сондай-ақ бұдан былай Қазақстаннан келген жүк көліктерінің жүргізушілері карантинге жатқызылмайды. Түркияның көлік және инфрақұрылым министрлігінің хабарлауынша, екі елдің тиісті ведомстволары осындай келісім жасаған. Ол үшін жүргізуші 72 сағат ішінде жүкті діттеген жерге жеткізіп, елден шығып кетуі керек. Және арнайы орындардан басқа жерде көлігінен түспеуі тиіс.

Айдос ӘШІМ


Хабарламаларға жазылу