Әлемде коронавирус жұқтырғандардың саны 3 миллионға жақындады. Олардың 200 мыңнан астамы көз жұмды. Науқастардың басым көпшілігі Америкаға тиесілі. Дегенмен, бірқатар мемлекеттерде жағдай оңала бастаған. Шағын бизнес қызметі жанданып, оқушылар да мектепке оралып жатыр.
Коронавирусты жеңіп шыққан Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон бүгін қызметіне кірісті. Ал Ресей індетті жұқтырғандар саны бойынша Қытайды басып озды. Елде 87 мың адам дертке шалдыққан. Сырқаттанғандар арасында Кремль қызметкерлері мен Дума депутаттары бар. Коронавирус армияға да жетіп, 900 әскери қызметкерден анықталды.
Ал вирус ошағы болған Ухань ауруханаларында инфекция жұқтырған бірде бір адам қалмады. Жексенбіде қауіпті дерттен соңғы науқас емделіп шықты. Жағдай оңала бастағандықтан, Бейжің мен Шанхай қалаларында 3 айға жабылған мектептер қайта ашылып жатыр. Әзірге сабақ тек орта және жоғары сынып оқушылары үшін өтеді.
Иран болса оқу орындарын ашуға асығар емес.
Испанияда 14 жасқа дейінгі балалардың далаға 1 сағатқа шығуына рұқсат берілді. Алайда олар ата-анасымен бірге үйден 1 шақырымнан аспайтын жерде серуендеуі тиіс.
Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ