Енді Бірыңғай жиынтық төлемді Мемлекеттік кірістер комитетінің «eSalyq» мобильді қосымшасы арқылы төлеуге болады.
Мобильді қосымшада БЖТ «Қазпочта» АҚ Интернет-эквайрингі арқылы 100 теңге банктік комиссиямен электронды үкіметтің төлем шлюзі арқылы жүзеге асырылады.
Жалпы, БЖТ төрт міндетті төлем түрін біріктіреді:
- Жеке табыс салығы (ЖТС);
- Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар;
- БЖЗҚ-дағы зейнетақы төлемдері;
- Міндетті әлеуметтік және медициналық сақтандыру қорына аударымдар.
Айта кетейік, 2019 жылдан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар бірыңғай жиынтық төлемді төлеуі керек (БЖТ).
Не үшін бірыңғай жиынтық төлем жасау керек?
- Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу үшін;
- Зейнетақы жинағын жасауға және зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне байланысты базалық зейнетақы төлемін алу үшін;
- Мүгедектік, жұмысынан айырылған, асыраушысынан айырылған, жүктілік және босанған, баланы асырап алған, 1 жасқа дейінгі бала күтімі болған жағдайларда, әлеуметтік жәрдемақы алуға мүмкіндік береді.
Бірыңғай жиынтық төлемінің мөлшері қала тұрғындары үшін 2 651 теңге, ал ауыл тұрғындары үшін 1 325 теңге.