Алматыда вирустан 2 адам қайтыс болды

20.04.2020

Алматыда коронавирус дертінен екі адам көз жұмды. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы марқұмдардың бұған дейін аса ауыр жағдайда болғанын айтты. Осымен қалада 5 адам осы індеттен айыға алмады. Ал соңғы екі науқас бұған дейін аса ауыр жағдайда болған. Себебі оларда қосымша аурулар анықталған. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев мәлімдеді.

Жалпы бүгін Алматыда тағы 24 адамнан инфекция табылды. Сонымен вирус жұқтырғандар саны 549 адамға жетті. Бүгінде жұқпалы аурулар ауруханаларында 460 науқас ем алып жатыр. Екі адамның жағдайы өте ауыр, 6 науқастың жай күйі ауыр және 138 адамның жағдайы орташа деп бағаланып отыр. Жалпы бүгінге дейін 84 пациент аурудан айығып, ауруханадан үй карантиніне жіберілген.

Жалпы қаладағы ахуалға келер болсақ, бүгін коммуналдық қызмет ақысы кімдерге төленетіні айтылды. Мұндай көмек қала бойынша 60 мың адамға көрсетілмек. Осы көмек бойынша 22-сәуірден бастап арнайы орталық жұмыс істейді. Тиісті көмекті алу үшін 341-05-27 нөміріне хабарласу керек. Орталыққа хабарласып, тұрғындар жеке сәйкестендіру номері мен аты-жөні арқылы көмек алатындардың қатарында бар ма, жоқ па, білуіне болады.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу