Түркістан облысында вирустан бір адам қайтыс болды

16.04.2020

Шымкент қаласында коронавирус індетінен күні кеше үшінші адам қайтыс болды. Марқұм Түркістан облысы Жетісай қаласының тұрғыны. 66 жастағы зейнеткер аудандық ауруханада індет жұқтырған адаммен жақын қарым-қатынаста болған. 1 сәуір күні ауруханаға жатқызылған науқастың үш күннен соң жағдайы ауырлай бастаған. Сөйтіп санитралық авиациямен Шымкенттегі жұқпалы аурулар ауруханасына әкелініп, дереу жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Дерттің дендеп кетуіне қарияның бұған дейінгі аурулары себеп болған.

Бұл елімізге індет тарағалы Шымкентте болған үшінші қайғылы жағдай. Бүгін сондай-ақ қауіпті кеселді тағы үш азаматтың жұқтырғаны белгілі болды. Үшеуі де медицина қызметкері. Коронавирусты жұқтыру қаупі жоғары санаттағы медициналық қызметкерлерді тестілеу кезінде анықталған. Науқаспен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, барлығы бақылауға алынып жатыр. Ауру ошақтарында дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуде. Осылайша, Шымкент қаласында коронавирустық инфекцияға шалдыққандар саны 43 адамға жетті.

Ғани ҚАЛМАХАН


Хабарламаларға жазылу