Атырауда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны күрт өсті. Соңғы мәлімет бойынша, өңірде 32 адам қауіпті індеттің құрығына ілікті. Ауруға шалдыққандардың арасында медбикелер мен балалар және 82 жастағы қарт пен жүкті әйел бар. Бүгінде науқастармен байланыста болған тұрғындар оқшауланды. Қазір аймақта шектеу шаралары күшейтіле түсті.
Індет жұқтырған 28 адамның жағдайы қанағаттанарлық, екеуінікі орташа, ал, қалған екі тұрғынның жағдайы ауыр. Жасанды тыныс алу құрылғысына қосулы. Инфекциялық стационарда, 38 дәрігер мен 120 медицина қызметкері еңбек етуде.
Қалада шектеу күшейді. Енді кешкі сағат 9:00-ден кейін көшеде жан баласы жүрмеуі тиіс. Сауда орындары мен дәріханалардың жұмысы 20:00-де тоқтайды. Талапқа бағынбағандар заң алдында жауап береді. Мәселен, төтенше жағдай режимін бұзған 108 жағдай анықталып, әкімшілік сотта қаралды. Бүгінде қоғамдық тәртіпті 500-ге жуық қызметкер бақылап жүр. Бір айта кетерлігі, карантин енгізілгелі, жарақаттанып дәрігер көмегіне жүгінетіндер саны 5 есеге азайған.
Жандос ТЕМІРҒАЛИ