Мемлекет басшысы төтенше жағдайға қарсы шаралар бойынша жасаған мәлімдемесінде әлеуметтік мәселелерге басымдық берген еді. Атаулы әлеуметтік көмек көлемін арттырып, тұрмысы тұралаған азаматтарға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілмек. Ел Президентінің бұл бастамасына халық қалаулылары да үн қосты.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы медициналық көмек көрсету мәселесін Мемлекет басшысы өзінің үндеуінде қамтығаны, яғни 3 ай бойы ҚР азаматы жарнаны төлесе де, төлемесе де мемлекеттің кепілдендірілген медициналық көмегін алуға мүмкіндік бергені қуантатындығын айтып өтті.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Шавхат Өтемісов тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлікті тегін алатын қатарға көп балалы отбасылар жататын болса, енді 1,2,3-ші топтағы мүгедектер, мүгедек балалар және ресми түрде тіркелген жұмыссыздар да осы санатқа кіретіні жақсы көмек болғанын, бірақ, бұл жерде де осы көмекті алу механизмін жақсылап қарастыру қажет екендігін де айтып өтті.
Назым ҚАЙРАТ