Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен белгілі қазақстандық режиссер Ақан Сатаевтың «Sataifilm» киностудиясы және «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы ең үздік отандық фильмдер онкүндігін бастайды.
5-15 сәуір аралығында үйден шықпай, «Qazaqstan» арнасынан отандық кино мен мультфильмдерді көруге шақырамыз.
5 сәуірде эфирге алғаш болып ұлттық «Тұлпар» киножүлдесінің алты бірдей марапатын жеңіп алған «Оралман» көркем фильмі шығады.
Киноапталықта қазақстандық көрермен отандық «Шырақшы», «Композитор» фильмдерін және Канн фестивалінің жүлдегері атанған Самал Еслямова басты рөлді сомдайтын «Айка» көркем фильмін тұңғыш рет телеэкраннан қазақ тілінде тамашалайды.
«Qazaqstan» арнасындағы отандық фильмдер онкүндігінде одан бөлек, «Томирис» «Жерұйық», «Жаужүрек мың бала», «Анаға апарар жол», «Талан», «16 қыз», «Ең сұлу», «Қазақ хандығы: Алтын тақ» сынды отандық кинематографияның үздік туындылары енгізілді. Киноапталықта ұсынылатын қазақ мультипликациясының озық өнімдері «Мұзбалақ», «Күлтегін», «Ер Төстік пен айдаһар» анимациялық фильмдері ересектермен бірге, балалар аудиториясы үшін де негізгі тарту болмақ.
Осы орайда «Қазақстан» телерадиокорпорациясы отандық фильмдер марафонын «Qazaqstan» арнасы арқылы бастаған «Қазақфильм» және «Sataifilm» киностудияларына алғыс білдіреді.