Коронавируспен күресу қорына 41 миллион доллардан астам қаржы жиналды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Коронавируспен күресу қорына 41 миллион доллардан астам қаржы жиналды

25.03.2020

Коронавируспен күресу үшін құрылған республикалық қорға 41 миллион доллардан астам қаржы жиналды. Қайырымды кәсіпкерлер мен алпауыт компаниялардан түскен бұл ақша дәрігерлерге, түрлі препараттар мен медициналық құрылғыларды сатып алуға жұмсалады. Волонтерлар да ізгілікті істен шет қалып жатқан жоқ. Жеті мың отбасыға тегін азық-түлік пен медициналық бетперделер үлестірді.

Қауіпті індетке қарсы тұру үшін қоғамның бірлігі маңызды. Көмекке мұқтаж адамдарға жан жылуын силап, қол ұшын созу керек. Сол үшін Алматыдағы «Жас Отан» жастар қанаты «Біз біргеміз» акциясын бастады. Шарасы аясында волонтерлар Ұлы Отан соғысы ардагерлері, жалғызбасты қарттар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетті.

Сондай-ақ Айдын Рахымбаев елордадағы бес жұлдызды Hilton қонақ үйін карантин мақсатында пайдалануға беруге дайын екенін жеткізді. Қазақтелеком болса, қаразы бар жандарды төтенше жағдай кезінде байланыссыз қалдырмайтынын мәлімдеді. Ал жиналған қаражат медициналық құрылғылар мен қорғаныш заттарын алуға, жалпы коронавируспен күресуге жұмсалады. Айта кетерлігі қорға қаржы мәжбүрлі түрде жиналмауы тиіс.

Досжан МАРАТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу