Әлемдік қор нарығында индекстер төмендеп кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемдік қор нарығында индекстер төмендеп кетті

10.03.2020

Әлемдік қор нарығы жаппай құлдырап жатыр. Оған екі себеп бар. Бірі – коронавирус. Екіншісі – мұнай бағасының күрт төмендеуі. Дүйсенбіде қара алтын құны 28 жылдан бергі ең төмен көрсеткішке жетіп, әлем экономикасын есеңгіретіп тастады.

Мұнай бағасының арзандап кетуімен қатар, әлемдік қор индекстері де төмендеп жатыр. Ел арасында «қара дүйсенбі» аталған күні Еуропа биржасында индекстер 7-8 пайызға кеміген. Ал Германиялық акция көрсеткіші 2001 жылы қыркүйектің 11-дегі терактіден кейін алғаш рет ең төмен деңгейге түсіп кетті. Инвесторлар жаһандық рецессиядан қауіптене бастады.

Мұхиттың ар жағында да жағдай мәз емес. Америкалық Dow Jones индексі бірден 7 пайызын жоғалтты. Сөйтіп, Нью-Йорк қор биржасындағы сауда 15 минуттан әрі аспаған. Енді экономиканы тоқыраудан қорғау үшін бірқатар шара қабылданбақ.

Ал сейсенбіде сәтсіз басталған сауда Қытай үшін оң нәтиже берді. Мамандар мұны ел билігінің бақылауды күшейтіп, эпидемияның бәсеңдей түскенімен байланыстырып отыр.

Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу