Елімізде азық- түлік бағасы тұрақты

10.03.2020

Елімізде тауарларға интервенция жасалады. Барлық облыста жұмыс істеп тұрған тұрақтандыру қорларындағы азық-түлік жаппай саудаға шығарылмақ. Осылайша, тапшылықтың және баға өсімінің алдын алу шаралары басталып кетті. Бүгін Премьер-Министр қарамағындағыларға қымбатшылыққа қарсы күресті күшейтуді тапсырды.

Облыстарда және Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында тұрақтандыру қорлары бар. Онда осындай күрделі кезеңдерге арналған тауарлар сақтаулы тұр. Сондықтан тапшылықты сылтау қылып бағаны көтергісі келетіндерге жол жоқ деді мамандар. Оның үстіне халық тұтынатын азық-түлік тауарларының 80 пайызы өзімізде өндіріледі екен.

Мамандардың айтуынша, қысыл-таяң шақта азық-түлік бағасын негізсіз өсіруді ойлағандар жазадан құтылмайды. Алдағы күндері еліміздегі сауда орындарында азық-түлік бағасын бақылау мақсатында бірнеше іс-шаралар өткізіледі деп жоспарланған.

Ербол МӘНДІБЕК


Хабарламаларға жазылу