Алдағы 5 жылда Қазақстанның барлық облыстары 5G желісіне қосылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алдағы 5 жылда Қазақстанның барлық облыстары 5G желісіне қосылады

04.03.2020

Алдағы бес жылда Қазақстанның барлық облыстары 5G желісіне қосылады. Жылдамдығы жоғары технологиямен бірінші кезекте үш ірі мегаполис қамтылады. 2022 жылы Алматы, Нұр-Сұлтан Шымкент қалалары, 2023-2025 жылдар аралығында облыстарды қосу көзделген. Бұл туралы бүгін Ақордада «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы талқыланған жиында мәлім болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жауапты министрлік басшыларына интернеттің жылдамдығын арттырып, экономиканың барлық саласына цифрлық технология енгізу тәртіптерін жеделдету жөнінде тапсырмалар берді.

 «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асқалы екі жылдан асты. Жоба өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Қазір электрондық қызметті қолданушылар саны 10 миллионнан асқан.  

Қазақстан киберқауіпсіздік бойынша әлемде 80 орыннан, 40 сатыға дейін жоғарылаған. Мемлекет басшысы бұл көрсеткішті әлі де жақсарту керектігін және мәселеге біржақты қарамауды тапсырды.  Сондай-ақ елемізде күрделі компютерлік бағдарламалардың күрмеуін шешетін мықты IT мамандардың мектебі қалыптасты. Атап айтқанда, «Астана хаб» халықаралық стартаптар орталығы ішкі нарықтың ғана емес, алыс-жақын елдердің сұранысын орындауда.  

Қарапайым халық әлеуметтік қызметтерді жиі қолданады. «Egov» порталы азаматтардың сұранысын орындауда өзінің мүмкіншілігін жыл сайын жетілдіруде. Былтыр 54 миллионнан астам қызмет көрсетілген. Тұрғындардың әлеуметтік бағдарламаларға үйде отырып қатысуына толық жағдай жасалуда.  Десе де Президент елімізде цифрландыру үдерістері әлі де болса бәсең екенін айтты.  

Ербол МӘНДІБЕК


Хабарламаларға жазылу