Түркістан облысында диқандар жылыжайларын сатуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында диқандар жылыжайларын сатуда

30.01.2020

Жыл он екі ай жылыжайда еңбек етіп, ел аумағын көкөніспен қамтып келген Түркістан облысындағы диқандар дағдарып отыр. Көмір мен табиғи газ бағасының қымбаттығынан олардың көпшілігі үйреншікті кәсібінен қол үзіп, жылыжайларын сатуда. Жылыжай көлемінің азаюынан көкөніс бағасы да шарықтап кетті. Ел аумағындағы жылыжайлардың 87 пайызы өңірдің үлесінде екенің ескерсек, мұндай кереғар тірлік жұмыссыздықтың да белең алуына негіз болып тұр.  

Түстіктегі жылыжай шаруашылығы мейілінше дамыған Сарыағаш ауданы диқандары қазір тап осындай қиын жағдайда. 12 мыңнан астам азамат осы істің қырын сырын меңгеріп, диқандық кәсіппен несібе айырып келген еді.

Заңдағы өзгеріске сәйкес қазір тек жаңадан соғылып жатқан өндірістік жылыжайлардың құрылысына ғана үкімет қаржылай қолдау көрсетеді. Ал жиналған өнім, өзге де шығындарды субсидялау жайы шешімін таппай отыр.

Өңірдегі Сарыағаш пен Келес ауданында жыл сайын жылыжайдан 120 мың тоннадан астам көкөніс жиналады. Оның 90 пайызға жуығы еліміздің солтүстік облыстары мен көршілес Ресейге саудаланып келеді. Диқанды қаржылай қолдаудың аздығынан өнімділік биыл анағұрлым кем болатын түрі бар.

Ғани ҚАЛМАХАН


Хабарламаларға жазылу