Бадам ауылының тұрғындары екі тәуліктен бері ауыз сусыз отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бадам ауылының тұрғындары екі тәуліктен бері ауыз сусыз отыр

22.01.2020

Түркістан облысы Ордбасы ауданына қарасты Бадам ауылының тұрғындары екі тәуліктен бері ауыз сусыз тіршілік кешіп жатыр. Неге екені белгісіз есік алдындағы құбырдан тамшы тамбай қалды. Амалы таусылған жұрт суды іргедегі ауылдардан көлікпен тасып жүр. Ал жағдайы жеткендер дүкеннен сатып алып ішуде. Ұрымтал сәтті пайдаланып қалғысы келген сатушылар құтыдағы судың бағасын қымбаттатып үлгерді.  

Бадам ауылындағы 7 мыңға тарта халықтың көрген күні осы боп тұр. Дүкендегі 200 теңгеден сатылатын 5 литрлік таза судың бағасы бірден 350 теңгеге бірақ көтерілді. Ауылда су жүйесіне қосылған мыңға тарта абонент бар. Барлығы ай сайын тұрақты төлем жасаған. Тіпті, биылғы қаңтар айының да ақысын алдын ала төлеп қойғандар бар.

Бұл жәйтке бас қатырып, жанашырылық танытқан жанды біз де кездестірмедік. Сұрастырып білгеніміз ауылға су таратушы мекеме электр қуатына 14 миллион теңге берешек болып қалған. Қарыздың қалайша қордаланғанын жауапты маман түсіндіріп бере алмады.

Жаратушыдан жәрдем күткен мекеме ауылға судың қашан берілетінін нақты айта алмады. Бар тындырғаны электр тарату компаниясымен келісім жасауға тырысып жатыр. Жарық тарату мекемесіне Ордабасы ауданы әкімдігі қарызды төлейміз деген кепіл хат ұсынды. Осы құжатқа сәйкес мекеме ақпанның 10-на дейін берешігенен құтылуы тиіс.

Ғани ҚАЛМАХАН


Хабарламаларға жазылу