Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Түркістан шаһарындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті ерекше мәртебеге ие болды
Мұндай артықшылық білім сапасын арттыруға, оның халықаралық талаптарға сай болуына ықпал етеді. Сондай-ақ ғылым мен білімнің интеграциясы жүзеге аса бастайды. Бір сөзбен айтқанда, Түркістан тек түркі әлемінің мәдени рухани астанасы ғана емес, келешекте ғылым-білімнің хабына айналғалы отыр.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Түркістанның өркендеуіне айрықша ықпал еткен Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ түрік халықаралық университеті болды. Әсіресе, шаһардың интеллектуалды әлеуетінің жоғарылуына әсері зор. Бүгінде мұнда әлемнің 19 мемлекетінен 10 мың студент білім алып жатыр. Түркі тілдес 40 мемлекеттің білім іздеген жастары осында. Университет халықаралық деңгейдегі келелі басқосулар жиі өтетін ғылыми ордаға айналған.
Жаңа мәртебе білім грантының бағасын арттырады. Одан түскен қаржы университеттің профессорлық-оқытушылық құрамының жалақысын көбейтуге және материалдық-техникалық базасын жақсартуға мүмкіндік бермек. Ғылыми және педагогикалық білікті кадрлардың келуіне жол ашады, Университеттің ерекше мәртебесі оған үлкен академиялық және басқарушылық дербестік бермек.
Президенттің мұндай шешімі Түркістан қаласы үшін өте маңызды. Өйткені бірегей мазмұндағы ғылыми әлеуеті мықты, кәсіби маман даярлайтын ғылыми орданың арқасында ғана шаһар экономикалық іргелі орталыққа айналады.
Ғани ҚАЛМАХАН