Түркістан облысында қырыққабат тұқымын еккен диқандар миллиондап шығынға батты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында қырыққабат тұқымын еккен диқандар миллиондап шығынға батты

16.01.2020

Түркістан облысында ерте пісетін қырықабат тұқымын еккен Сарыағаш және Келес ауданындағы диқандардың алды миллиондап шығынға батты. Олардың голландиялық «Сименс» компаниясынан қыруар қаржыға сатып алып сепкен дәні өнбей қалды. Жалпы Сарыағаш пен Келес ауданында жылда 7 мың гектардай жерге ерте пісетін қырықабат егіледі. Биыл да егіс көлемі сол шамада. Дағдарған диқан енді шетелдік компаниядан шығынын өтеп беруді сұрап отыр. 

Мадиярдың 10-15 жылдан бері егіп жүргені тап осы сорт. «Заказ» деп аталады. Ерте піседі. Өнімділігі жоғары. Осыған қызығып сепкен дәнінен биыл дәнеңе де шықпады.  

Жалғыз Мадияр емес, биыл жүздеген диқанның кешкен күйі осы. Бірнеше жылдар бойына қырыққабатты ерте пісірудің тәсілдерін әбден меңгерген шаруа тұқымның сапасыздығын дәлелдеп бере алмай жүр. Өнім неғұрлым ерте піссе, соғұрлым пайдасы мол болады. Сондықтан да диқандар егіске барын салған. Қол еңбегін айтпағанда көшетті өндіру, оны күтіп баптауға қыржылай көп шығын жұмсап үлгерді. Ашынған диқан енді соны қайтарып берсе дейді. 

Диқандардың наразылығы күшейіп кеткен соң «Сименс» компаниясының өкілдері бұл іске өз тарапынан тексеріс жүргізіп көрді. Шаруаларға сатылған тұқымдарды жиып алып, зертханалық сараптаудан өткізді. Олардың айтуынша, кінә тұқымда емес, күтімде болып шықты. 

Компания өнімдерінің сапасына шық жуытпағанымен, диқанның көңілін табуға тырысып жатыр. Тексеріс қорытындысы шықпай жатып, 150-дей шаруаға 20 миллион теңгенің тұқымын тегін таратып үлгерді. Мұнысы жермен жан баққан жұртқа жанашырлық па, әлде компанияның атақ-абыройын қорғап қалғысы келген жанталас па? Әзірге онысы беймәлім. 

Ғани ҚАЛМАХАН

Хабарламаларға жазылу