Қарағандыда Ленин көшесіне Абай есімі берілді

14.01.2020

Ұлы ақынның 175 жылдығына орай бұл істің тағылымы зор болмақ. Қалада ескірген көше аттарын өзгерту бойынша қоғамдық тыңдау өтті. Оған мыңнан аса адам қатысты. Залға сыймаған жұрт талқылауды экраннан көрді. Ұсынысқа жиналғандар түрлі пікір білдірді. Көпшілік Ленин көшесін Абайдың атына беруді қолдады. Жиында барлығы 10 көшенің атауы қаралды. Соның ішінде Кривогуз көшесі Қасым Аманжолов, екі көше екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің, қалғаны өңірге еңбегі сіңген азаматтардың есімімен аталатын болды. Ал қаланың жаңадан салынып жатқан аумағындағы еш мағынасыз Приканальная көшесі Сарыарқа деп ауыстырылады. Тізім жасақталды. Енді жаңа атауларды бекіту керек. Мәселен бұл жұмыстарға бюджеттен 3-4 миллион теңгедей қаражат қажет. Тақтайшаларды ауыстыруға салық төлеушілердің қаржысы кетеді деп қарсы пікір білдіргендер болды. Алайда жергілікті кәсіпкер, меценат Ерлан Әшім бұл шығынды өзінің компаниясы көтеруге дайын екенін жеткізді. 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу