Президент халық жиі тұтынатын азық-түлік бағаларын тұрақтандыруды тапсырды

13.01.2020

Президент Сауда және интеграция министрін қабылдады. Бақыт Сұлтанов Мемлекет басшысына ішкі және сыртқы сауданы дамыту, экспортқа шығарушыларды қолдау, интеграциялық үдерістер, ішкі нарықты контрафактілік өнімнен қорғау сияқты негізгі жұмыстардың есебін берді. Бұдан бөлек, бағаны белгілеу, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мәселелері ведомствоның ерекше назарында екенін және орталық, жергілікті атқарушы органдардың міндеттерін анықтайтын Жол картасының жобасы әзірленгенін де жеткізді. Атқарылған шаруаға оң баға берген Қасым-Жомарт Тоқаев, Бақыт Сұлтановқа ішкі нарықты отандық тауарлармен толтыру, халық жиі тұтынатын азық-түлік бағаларын тұрақтандыру, бағаның негізсіз өсуі мен делдалдық әрекеттерді болдырмау және қазақстандық тауар өндірушілердің өнімі тұтынушыларға қолжетімді болу үшін нақты тапсырмалар берді. Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы интеграциялық үдерістерде жұмысты жүйелі жүргізу де маңызды міндет болмақ.


Хабарламаларға жазылу