Азық-түлік бағасы қымбат

11.10.2017

Үстіміздегі жылдың 9 айының көрсеткіші бойынша Атырау облысында инфлияция деңгейі 6 пайызға жеткен. Бұл еліміздегі ең жоғары көрсеткіш. Инфляицияны тұрақты ұстай алмаған аймақта тисінше азық-түлік бағасы да аспандап тұр. Өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда азық-түлік тауарларының құны Атырауда 5,6 пайызға қымбаттаған. «Бағаның шарықтауы күн-көрісті қиындатты», - дейді қарапайым халық. Өңірдегі жағдайды тілшіміз тарқатады.

Сара Халназарова қыркүйек айынан бері азық-түлік бағасының қымбаттап кеткенін айтады. Ай сайын алатын 40 мың теңге зейнетақы ештеңеге жетпейді деп қиналады кейуана. Әсіресе, күнделікті тұтынатын ет пен көкөністің құны шарықтап тұр.

Сара Халназарова, зейнеткер:

- Атырауда тамақ жағы өте қымбат. Күннен-күнге жылдан-жылға қымбат. Ет, сут өнімдері тіпті жақындатпайды. Осы бағаны бір тұрақтандыратын мамандар бар ма өзі?

Мамандарда бағаның шарықтап бара жатқанын мойындаудан басқа шара жоқ. Бір ғана ет және ет өнімдері 17 пайызға өскен.

Серік Сәрсекенов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Халық көп тұтынатын - ет қымбаттады. Иә, өкінішке орай, қазір баға өсу бағыты қарқын алып тұр. Бұған бірден бір жанар-жағармайдың өсуі себеп.

Халық жиі тұтынатын өзге азық-түлік өнімдерінің де бағасы көтерілген. Өткен айда балық және теңіз өнімдері 3,6 пайызға, сүт 2,7, кондитерлік өнімдер 1,9, жұмыртқа 0,3 пайызға қымбаттаған.

Қала тұрғындарының пікірінше қымбатшылықтың бір себебі - Ресейден әкелінетін тауар құнымен байланысты. Сауда сөрелері көрші мемлекеттен келетін азық-түлікке самсап тұр.  

Инфляция деңгейі өңірде шынымен жоғары. 9 айдағы көрсеткіш бойынша 6 пайызды құрап отыр. Инфляцияны тежей алмаған өңір атқамінерлерінің  жұмысын Үкімет басшысы жоққа теңеді.

Жергілікті билік тұрақтандыру қоры арқылы азық-түлік бағасын реттемек. Қорға мың тонна картоп пен көкөніс өнімдерін сатып алуға шешім қабылданған. Ол үшін бюджеттен 53 млн. теңге қаражат бөлінген.

 

Индира МЕРЕКЕНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу