Үкімет отырысында әлеуметтік азық-түлік бағасын реттеу жайы талқыланды

20.08.2019

Әлеумет үшін маңызды азық-түліктің 10 түрінің бағасын Үкімет қатаң бақылауға алады. Себебі елімізде халық жиі тұтынатын тағамдардың бағасы еш себепсіз шарықтап кеткен. Бүгін Үкіметте осы мәселе тереңінен талданып, бағаны тұрақтандырудың тың тетіктері қаралды. Енді азық-түлік құнына апта сайын бақылау жүргізілетін болды. Ішкі сауда ережелері өзгереді. Осы ретте Үкімет басшысы Асқар Мамин министрлерге қажетті шараларды шұғыл түрде қолға алуды тапсырды.

Пияз, сәбіз, картоп, қызылша, күріш, ұн, нан, жылқы, қой мен сиыр еті. Бұл – қазақстандықтар жиі тұтынатын тамақтың 10 түрі. Әрі бағасы қымбат, инфляцияға ықпалы зор азық-түліктер. Осы ішіп-жем құнының шарықтауынан инфляция 5,9 пайызға жеткен.

Руслан Дәленов, ҚР ҰҰлттық экономика министрі:

Барлық өңірлерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлардың бағасы инфляциядан жоғары. Осы тауарларға бағаның өсуі 7,2-ден 15,1 пайызға өзгереді.  Ең жоғарғы өсу Нұр-Сұлтан, Жезқазған және Талдықорған қалларында байқалады.

Халық азық-түлікке артық ақша төлеген. Себебі бағаны бағамдаған құзырлылар, тұтыну құнының өндірушілердің немесе импорттық бағалардан едәуір жоғары екенін анықтаған.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:

Бағаның өсу себептері, реттелмеген өндіріс, тиімсіз делдалдар санының көп болуы, сақтау шарттарының орындалмауы, тұтынушыға дейін кепілденген жеткізу арналарының жоқтығы себеп болып отыр. Сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақтық бірыңғай нарығы аясында баға қалыптастыруға елдердің өзара әсері байқалуда.

 

Бұдан былай бағаның бей-берекет өсуіне жол жоқ. Азық-түліктің құны жиі сүзгіден өтеді. Тіпті бағаны бақылайтын арнайы сайт құрылады. Осы арқылы халық та, құнды онлайн қадағалауға мүмкіндік алмақ.

Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Қазіргі кезде республика бойынша қолда бар және жауапты сақтаудағы азық-түлік тауарларының көлемі 29,8 мың тонна құрап отыр. Сатып алу интерверенцияларын жүргізу үшін әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация есебінде 3,7 миллиард теңге қаражат бар.

Бағаның бағынбай кетуі – ең алдымен  жер-жердегі әкімдер әрекетсіздігінің көрсеткіші деп сынаған Асқар Мамин, тұрақтандыру қоры жұмысының тиімсіздігін де тілге тиек етті.  

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

Сауда және интеграция министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, екі аптада тұрақтандыру қорларының жұмысын тексеріп, олардың жұмыс форматын өзгертуді тапсырамын. Сонымен бірге, Сапархан Кесікбайұлы, әлеуметтік маңызы бар 10 өнімді өндіру жөнінде бағдарлама әзірлеңіздер. Бұл да бағаны өсірмей, ұстап тұруға оң әсер етеді. Әкімдер бағаларды өсірмеуді ерекше бақылауда ұстауы қажет. Апта сайын мониторинг жүргізіп, жедел шара қабылдаңыздар.  

Қысқасы, әлеумет үшін маңызды азық-түліктің сауда үстемесі 15 пайыздан аспауы тиіс. Сауда нысандарының ішіндегі 30 пайыз аумаққа отандық тауарларды қою міндеттелді. Азық-түлікті жеткізушілерден сауда желілері алатын сыйақыларды белгілеуге тыйым салынды. Бұл – ішкі саудаға енгізілген жаңа өзгерістер.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

 

Хабарламаларға жазылу