Биылғы бәйгелердің бәрі Абай шығармашылығына арналуы тиіс - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биылғы бәйгелердің бәрі Абай шығармашылығына арналуы тиіс

09.01.2020

Ал биылғы бәйгелердің бәрі Абай шығармашылығына арналуы тиіс. Әдебиет пен өнер саласының үздіктеріне берілетін мемлекеттік сыйлық та Ұлы ақынның атымен аталуы қажет. Тарихи датаға орай осы және басқа да 500-ден астам іс-шаралар өткізіледі. Ал торқалы тойды қалай тойлау қажеттігін Мемлекет басшысы мақалада нақты түсіндіріп берді.

Абайдың ойынан да, тойынан да тағылым алуға тиіспіз. Тарихи дата той-домалақпен ғана емес, ізгі шаралармен есте қалуы тиіс. Мемлекет басшысының мерейлі шараны атап өтуге қатысты пікірін мамандар жан-жақты талқылауға кірісіп кетті.

Осы мақсатта биыл 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Тамызда Семей қаласында ЮНЕСКО-мен бірлесіп өткізілетін халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді. Ең ірісі — осы. Бұдан соң, Ұлы ақынның шығармалары әлемнің 10 тіліне аударылады. Ағылшын, араб, жапон, испан, итальян, қытай, неміс, орыс, түрік, француз тілдеріне тәржімаланбақ. Сонымен қатар ақынның өмірі, мұрасы, қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі туралы бірнеше деректі фильм және «Абай» телесериалы түсіріледі.

Биылғы бәйгелердің бәрі Абай шығармашылығына арналуы тиіс. Ал Әдебиет және өнер саласындағы үздік шығармаларға берілетін мемлекеттік сыйлық енді Абай атындағы мемлекеттік сыйлық деп аталатын болады. Өйткені, Абай – қазақтың ғана емес, адамзаттың ақыны. Сол себептен, Ұлы ойшылдың тұлғасы мен мұрасын ұлықтау шетелдерде де жалғасады. Ал ең бастысы — мәдени іс-шараларды ысырапшылдыққа жол бермей ұйымдастыру қажет. Президент осыны қадап тапсырды.

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу