Фотокөрме көпшіліктің сұранысымен қаңтардың 5-не дейін ұзартылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Фотокөрме көпшіліктің сұранысымен қаңтардың 5-не дейін ұзартылды

30.12.2019

Ослодағы «Қазақстан-Норвегия: спорт дипломатиясы» деп аталатын фотокөрме көпшіліктің сұранысымен қаңтардың 5-не дейін ұзартылды. Көрмені Тұңғыш Президент Қорының қолдауымен еліміздің Норвегиядағы елшілігі мен Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығы 14 желтоқсанда ашқан болатын. Фотоэкспозицияға Қазақстанның атын әлемге танытқан спорт саңлақтарының суреттері, велосипед, футбол, хоккей, жеңіл атлетикадан қазақстандық кәсіби клубтардың киімдері қойылған. Көпшілік 1994 жылы Норвегияда өткен қысқы Олимпиада ойындарында жерлесіміз шаңғышы Владимир Смирновтың ұтып алған алғашқы алтын медалін де осы жерден тамашалауға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, көрмеде қос ел спортшыларының жарыстардағы, жеңіс тұғырындағы бақытты сәттерінен, талай әлемдік рекордтар жасалған «Медеу» мұз айдынының тарихынан сыр шертетін суреттер бар. 

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу