Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 61 миллионнан асты

27.11.2020

Украинада алғаш рет бір тәулікте коронавирус жұқтырғандар саны 16 мыңнан асып, 192 науқас қайтыс болды. Індеттің күрт өршуі Днепропетровск, Запорожье облыстары мен Киев қаласында тіркеліп отыр.

Пандемия басталғалы елде 700 мыңға жуық адам дертке шалдыққан. Вирустың таралуы тежеу мақсатында, билік Жаңа жыл қарсаңында карантинді күшейтуді жоспарлап отыр.

Ал Ресей астанасы Мәскеуде 65 жастан асқан тұрғындар үшін оқшаулау режимі қаңтардың 15-не дейін ұзартылды. Осы мерзімге дейін барлық ұйым қызметкерлерінің 30 пайызы қашықтан жұмыс істейді. Соңғы тәулікте елде 25 мыңнан астам адам дертке шалдыққан. Десе де билік жаппай карантин жариялауға асығар емес.

Оңтүстік Кореяда екінші күн қатарынан 500-ден астам адамнан ковид анықталды. Инфекцияның күрт өршуінен, ауруханаларда орын тапшы. Әскери оқу-жаттығу орталығында 50 адам індет жұқтырған соң, сарбаздарды демалысқа жберуге тыйым салынды. 

Ал Грекияда медицина қызметкерлері наразылық білдіріп жатыр. Мамандар жұмыстың күрт артуы мен жалақының аздығына шағымданып, еңбек жағдайын жақсартуды талап етті.

Жансая Қапасқызы

коронавирус

Хабарламаларға жазылу