Алмалы ауылының тұрғындары арақ-шарап, темекі, насыбайдан түбегейлі бас тартқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алмалы ауылының тұрғындары арақ-шарап, темекі, насыбайдан түбегейлі бас тартқан

20.12.2019

Түркістан облысының Алмалы ауылының тұрғындары бес жылдан бері арақ-шарап пен сыра, темекі мен насыбай атаулыдан бас тартып, салауатты өмір сүріп келеді. Жасынан бастап жасамысына дейін ақылдан адастырар тентек суды ауыздарына татып алмайды. Соның арқасында ұрлық сап тиылды. Ағайын арасында неше жылдан бері ұрыс-керіс те болмаған. Оның дәлелі күні бүгінге дейін құқық қорғау органдарында Алмалы ауылынан бірде-бір қылмыс тіркелмепті.

Алмалыда 4 дүкен бар. Азық-түліктен бастап тұрмысқа қажетті заттың көбін жұрт осыннан сатып алады. Бірақ ешбірінен спиртті ішімдік пен темекіні таппайсыз. Дүкен ашқан кәсіпкерлер бұл тауарлардан түсетін табыс көп болғанына қарамастан, олардың саудасын әлдеқашан тиып тастаған.

Алмалыда 200-ге тарта түтін бар. Барлығының негізгі күнкөрісі диқандық кәсіп.  Қыстың күні де мұнда ешкім қарап жатпайды.  Техникасын оңдап, жерін жыртып, көктемге қам жасайды.  Тынымсыз еңбектің арқасында көбінің тұрмысы жақсы, тірлігі түзу. Ауыл рухани жағынан да кемелденіп келеді.

Алмалыны ізгілендіріп тұрған тағы бір іс ол  қайырымдылық. Жеңіл көлігі бар азаматтар жыл сайын жаңа оқу жылының алдында ауылдастарын аудан орталығы Жетісай қаласына  тегін апарып, әкеледі.  Шаһармен екі орта 40 шақырым. Жолаушы тасып, күнелтіп жүрген 20 шақты көліктің иесі мұны ешқашан ауырсынған емес.

Ішкімдіксіз тіршілік тыныштық пен тазалыққа арқау болды. Жұртты қайырымды етіп, көңілдеріне мейірім ұялатты. Бүгінде Алмалыдағы отбасылардың іргесі бекем.  Қартында уайым, баласының көңілінде кірбің жоқ. Олардың тату да беркелі тіршілігіне іргедегі ауылдар қызыға қарайды. 

Ғани ҚАЛМАХАН

Хабарламаларға жазылу