Тәуелсіздік күні қарсаңында еңбегімен еленген азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәуелсіздік күні қарсаңында еңбегімен еленген азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталды

12.12.2019

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында бірқатар азаматтарға мемлекеттік наградалар табыстады. Айта кетерлігі, бұл жолы лауазымды шенеуніктерге емес, қарапайым жұмысшылар мен ғалымдарға айрықша көңіл бөлінген. Сонымен кімге қандай орден берілді?

Қасым-Жомарт Тоқаев қарапайым жұмысшылардың еңбегін назардан тыс қалдырмау керектігін айтқаны ел есінде. Істеген ісін бұлдамай, жанын салып жұмыс істеп жүрген жандар жетерлік. Солардың бірі — маңғыстаулық шопан Есет Өтесов. Бүгін ол арнайы шақыртылып, Президенттің қолынан ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін алды. Кең далада қой өріткен Есет Сиражұлы аяқ астында Ақордадан бір-ақ шыққанына аң-таң. Ұзақ уақыт қобалжумен болды.

Жоғары дәрежелі ерекше белгісі — «Қазақстанның еңбек ері» атағы да қарапайым жұмысшыға берілді. Тұрсынбек Мәкішев «Қазақмыс» корпорациясында қарапайым ұңғылаушы болып жұмыс істейді. Айрықша белгісі «Алтын жұлдыз» және «Отан» ордені тапсырылды.

«Қазақстанның еңбек ері» атағы екі адамға берілді. Жоғары құрметке ие болған екінші тұлға әйгілі Роза Рымбаева. Ел үшін аянбай еңбек ете беретіндігіне сенім білдірді. Тілшілердің сауалына жауап беру сәтінде осы жолғы марапаттың маңыздылығы туралы айтты.

Мемлекеттік наградалар көп жағдайда жоғары лауазымды шенеуніктерге берілетіні мәлім. Бұл жолы бәрі басқаша. Механизатор, вагон жөндеуші, агроном, мектеп мұғалімі, ғылыми қызметкерлер, дәрігерлер, ұзақ жылдан бері еңбек етіп келе жатқан мәдениет саласының қызметкерлеріне айрықша көңіл бөлінді. Зиялым қауым өкілдерінің де еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Бүгін бас-аяғы 39 адамға мемлекеттік награда табысталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлтымыз үшін қастерлі де қасиетті ұғым саналатын Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады. 28 жылдан бері жасалған ауқымды істерді баяндады. Еліміздің дамуы үшін, тынбай тер төгіп, аянбай еңбек еткен Елбасының ерлігіне де ерекше тоқталды.

28 жылда жеткен жетістік аз емес. Бірақ оған тоқмейілсіп, тоқтап қалуға болмайтынын ескертті Президент. Сондықтан уақыттың, заманның талабына сай даму үрдісін жалғастырмақ. Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың тұрмыс сапасын одан әрі арттыру жолында барлық мүмкіндікті жасайтынын айтты. Ең бастысы халықтың үнін еститін билік жасайтынын баяндады.

Мемлекет басшысы халықтың әлеуметтік мәселесіне қашанда айрықша назар аударатындығын айтты. Әсіресе баспанамен, жұмыспен қамту басты назарда болатынын жеткізді. Тәуелсіздіктің қадірін түсініп, бірлік пен тұрақтылықта өмір сүрсек, талай биікті бағындыруға болатынын түсіндірді.

Президенттің қолынан мемлекеттік награда алған азаматтардың барлығы қазақ елінің амандығын, тұтастығы мен тұрақтылығына тілектестік білдірді. Баянды болашақ үшін әрбір салада аянбай адал қызмет етуге сенім білдірді. Салатанатты сәттен кейін естелікке суретке түсіп, ордендерін тойлауға тарқасты.

Ербол МӘНДІБЕК


Хабарламаларға жазылу