Жазушылар одағына — 85 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жазушылар одағына — 85 жыл

09.12.2019

Алматыда ұлттың шежіре-тарихын сақтауда сүбелі еңбек атқарып келе жатқан Қазақстан Жазушылар одағының 85 жылдығы кең көлемде тойланды. Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов сынды қазақтың кемеңгер тұлғалары басқарған орда бүгінге дейін талай қиындықты басынан өткергендігі белгілі. Сондықтан аталған шараға шет елдерден де көптеген қонақтар қатысты.

Жазушылар одағының іргетасы 1934 жылы қаланған. Құрылтай кезінде Ілияс Жансүгіров төраға болып сайланды. Бірақ Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сынды белгілі тұлғалардың ерен еңбегі оның одақ болып қалыптасуына үлкен септігін тигізді.

Мерейтойға 8 мемлекеттен келген жазушылар одағының басшылары мен мүшелері қатысты. Сонымен бірге ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев пен қала әкімі Бақытжан Сағынтаев баяндама жасады. Бұдан кейін ұйымның осы жылдар аралығында жеткен жетістігі мен атқарылған ауқымды жұмыстары туралы айтылды.

Жазушылар одағы бүгінде 800-ден астам қаламгердің басын біріктіріп отыр. Ал қазір оның құрамына көптеген жас қаламгер қосылған. Сондықтан кез келген жазушыға ерекше құрметпен қарайтын көпшілік бұл ұйымнан әрқашан медеу болар мінез бен демеу болар сөз күтетіні рас.

Бауыржан ЖАҚСЫМБЕТ 


Хабарламаларға жазылу