Жалпы, биыл желтоқсан айында 19 жұмыс, 12 демалыс күні болады.
16 және 17 желтоқсанда Қазақстан халқы Тәуелсіздік күнін атап өтеді. «ҚР Мерекелері туралы» заңына және еңбек заңнамасына сәйкес мемлекеттік және ұлттық мерекелер демалыс күні болып есептеледі. Биыл бұл мереке жұмыс күндеріне сәйкес келіп тұр. Алайда 14 және 15 желтоқсан сенбі, жексенбі болғандықтан, қазақстандықтар қатарынан төрт күн демалады.
Тәуелсіздік күні - еліміздің ұлық мерекесі, ол жыл сайын 16 желтоқсанда тойланады. Бұл атаулы күн 1991 жылғы желтоқсанның 16-сында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев қол қойған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» және 2008 жылғы 25 маусымдағы және 2009 жылғы 22 сәуірдегі заңдармен өзгертулер енгізілген 2001 жылғы желтоқсанның 13-інде «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес аталып өтеді.
Ал 17 желтоқсан - Қазақстан Республикасының демократиялық жаңару күні. Бұл күн Қазақстанда 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын еске алу күні ретінде белгіленген. 1991 жылы желтоқсанның 12-інде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы оқиғаларға қатысқаны үшін жауаптылыққа тартылған азаматтарды ақтау туралы» Жарлығы шықты. Осы Жарлықтың негізінде Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін қылмыстық, әкімшілік және тәртіптік жауапқа тартылған адамдар ақталды. Сонымен қатар, 17 желтоқсан - Қазақстан Республикасының демократиялық жаңару күні болып белгіленді.