Ержан Максим Junior Eurovision байқауында ІІ орын алды

25.11.2019
Ержан Максим Junior Eurovision байқауында ІІ орын алды

Польшада өткен балалар арасындағы Junior Eurovision байқауында қазақстандық жас орындаушы Ержан Максим ІІ орынды иеленді. Ол конкурста «Арманыңнан қалма» әнін орындады.

Қазылардың берген бағасы бойынша Ержан Максим бірінші орын (148 ұпай) алды. Ал көрермендер дауысынан (онлайн дауыс беру қорытындысы) 79 ұпай жинады. Осылайша қазақстандық әнші жалпы 227 ұпаймен екінші орынды иеленді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасында жас әншіні жеңісімен құттықтады. «Бұл теңдесі жоқ, тамаша жетістік! Сені, ата-анаңды және ұстаздарыңды осындай маңызды жеңіспен құттықтаймын. Алар асуларың биік болсын! Алға!», - деп жазды Президент. 

Айта кетейік, бұл конкурста польшалық Вики Габор жеңіске жетті (278 ұпаймен). Ал испаниялық Мелани Гарсия бұл сында үздік үштіктен көрінді (212 ұпаймен)

 Жалпы, Қазақстан бұл байқауға 2018 жылдан бері қатысады. Былтыр еліміздің атынан сынға түскен Данэлия Тулешова 6-орынды алған болатын.

Хабарламаларға жазылу