Ержан Максим жаңа халықаралық жобаларға қатысуды жоспарлап отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ержан Максим жаңа халықаралық жобаларға қатысуды жоспарлап отыр

03.05.2019

Шетелдік «Голос. Дети» байқауының жүлдегері Ержан Максим туған жеріне оралды. Әуежайдан түскен бойда ол ел астанасына көшкісі келетінін айтты. Шетелдік сайыстарға қатысуды да жалғастырады.

Жұлдызды баланы жерлестері зор қошеметпен қарсы алды. Оралына үлкен артист болып оралған өрен Мәскеудегі әсерінен әлі арылмапты.

Ержан Максим, «Голос. дети» байқауының жүлдегері:

- В.Меладзені 5,6 рет жылаттым дайындық кезінде. Оның көзінен жас ақты және қасында бір апай жылап, шығып кетті. Егер Игорь Крутой мені шақырса, мен Москваға барамын, егер астаналықтар шақырса, онда елордаға көшемін.

Ержан – Асан Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназияның 6-сынып оқушысы. Байқауда жүріп, екі айдай сабағын жіберіп алды. Алайда алғыр оқушы өткен тақырыпты тез меңгереді деп сенеді мұғалімдері. Мейірімді, ақкөңіл баланы достары да сағынып қалыпты.

Әзиз Ақантай, Ержанның сыныптасы:

- Ержанмен 1-сыныптан бастап доспын. Ол өте жақсы дос. Біз оны әрқашан мақтан етеміз. Ол «Голос. Дети»жобасына қатысып, финалға шықты. Ол екінші орын алса да, біз үшін бәрібір бірінші орында тұрады.

Хиуаз Жұмағалиева, А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназия директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:

- 2016 жылы Рига қаласындағы халықаралық байқауда лауреат атанса, 2017 жылы Беларусь еліндегі Витебскіде «Славян базары» байқауында 2-ші орын алды. Одан кейін Самара қаласындағы «Музыка қанатында» байқауында екінші орын алды. Үнемі қолдау жасаймыз біз баламызға.

Ержан қарапайым отбасынан шыққан. Әкесі такси жүргізушісі, анасы үй шаруасында. Жанұяда сүт кенжесі. Екі апасы бар. 3 жасынан бастап ән айтқан тума талант. Бес жасында байқауға қатысып, вокалдан сабақ алады.

Жобадан кейін әншіге Италия, Англия, Ресейден оқуға шақыру, альбом жазу туралы ұсыныстар түскен. Әзірге отбасы бір шешімге келген жоқ. Ал, Ержанның басты арманы - Димаш ағасы секілді әлемдік әнші болып, ел мерейін асқақтату.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу