Көршісін өрттен құтқарамын деп жүріп, жарылыстың ішінде қалып кеткен шымкенттік полицей Нұрлан Тасболатовтың әрекеті батылдықтың үлгісі. Ержүрек полицей жанкештілікпен бір отбасыны өрттен аман алып шықты. Тағы бір көршісін ажалдан арашалап қалды. Осы ерлігі үшін ол ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. «Қазіргі заман қаһарманы» медалін кеудеге тақты.
Апат былтыр шілдеде болды. Ащы айқайды естіп көршісіне қарай жүгірген Нұрлан алаулаған жалынға қарамай үйдің ішіне қойып кетеді. Балалар мен анасын оттың ішінен аман алып шығып, өршіген өртті өшіруге ұмытылады. Аласапыран мезетте көмекке келген көршісі де тілсіз жаудың тұзағында қалып қойған. Есінен танып жатқан азаматты көтеріп, таза ауаға шығарды. Ендігі қауіп іштегі газ балондарда еді. Жарылса сұмдық болғалы тұр.
Нұрлан Тасболатов, Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының аға инспекторы:
Кірдім де газ баллонды алып шықтым. Екіншісін іздеп жатқанда газ баллон жарылып кетті. Есімді жисам қара түтін. Басым, шашым жанып жатыр екен. Футболкамды шешіп, өшіріп алдым басымды.
Өртті ауыздықтаймын деп жүріп Нұрланның өзі өлім аузынан қалды. Екі қолын тұтас күйдіріп алған ол ауруханада екі ай емделді.
Нұрлан Тасболатов, Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының аға инспекторы:
Ол жерде ой ойламайсың ғой. Отты бірден өшіру керек болды. Ойланатын уақыт болмады. Ең бастысы үйді аман алып қалу болды.
Полиция капитаны Нұрлан Тасболатов ішкі істер саласында 2012 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Жоғары білімді заңгер. Бокстан спорт шебері. Жылдам қимылдайтын жасақ құрамында талай маңызды тапсырмаларды мүлтіксіз орындап келеді.
Мұрат Әділов, Жылдам қимылдайтын арнайы жасағы штабының аға инспекторы:
Бокстан мықты және қол күресі. Дәрежесі бар. Қызмет бабында өте тәрбиелі, жұмысқа уқатылы келеді.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ