Қазақтың ақын қызы Ф.Оңғарсынова туралы жаңа туынды Современник театрында қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақтың ақын қызы Ф.Оңғарсынова туралы жаңа туынды Современник театрында қойылды

02.11.2019

Қазақтың ақын қызы Фариза Оңғарсынова туралы жаңа туынды Мәскеудегі Современник театрында қойылды. Өршіл өлеңімен, батыл мінезімен талайды тәнті еткен ақынның образы Фариза спектаклінде жаңа қырынан ашылды. Үш жыл көлемінде дайындалған спектакльдің басты мақсаты    — көрерменді ақынның поэтикалық дүниесімен жақынырақ таныстыру.

Қазақ поэзиясының падишасы, өлең өлкесіне өзіндік із қалдырған Фариза Оңғарсынованың жарқын бейнесі сомдалған шығарманың авторы Роза Мұқанова. Жазушы драматург ақынның ішкі жан дүниесін ашуға мейлінше тырысқан.

Иманғали Тасмағамбетов, ҚР Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

Біз қашанда ел ерекше қадірлейтін ұл-қызы мен бітімі бөлек тұлғасының есімін ұлықтап, мирасын сақтап жүретін халықпыз. Ал сол халықтың музасы, қазақтың Фаризасы болып мәңгілікке аттанған Фариза Оңғарсынқызы сондай тұлғаның бірі еді. Сондықтан бүгін, мінекей, Мәскеудің төрінде, Ресей мемлекетінің маңдайалды Современник театрының қасиетті сахнасында сол қазақ ақынына арналған спектакль қойылып отыр. 

Еліміздің белді бес театрынан бес актер таңдап алынды. Қойылымда заманауи технология қолданылған. Идеяның авторы әрі продюсері Айнұр Көпбасарова. Жоба дүниеге келмес бұрын, автор ақын апамызды түсінде көріп, аян бергенін айтады.

Айнұр Көпбасарова, автор, продюсер:

Мен түсімде Фариза апамды 2016 жылы көрдім. Бір емес, бірнеше рет екі жыл бойы қатарынан түсімнен шықпай қойды... Соңында түсіндім,  менің Фариза апамның өзі қолымнан жетектеп, үлкен сахнаға апарғанында мен түсіндім, фильм емес, документальный фильм емес, спектакль арқылы ол кісінің шығарашылығын жеткізу керек екенін.

Фариза — адамдығы мен ақындығы тең түсетін дара тұлға. Оның образын ашу оңай емес. Сондықтан актерларға қойылған талап жоғары. Басты рөлдерді Назгүл Қарабалина, Қуандық Қыстықбаев, Лейла Бекназар-Ханинга, Ерлан Кәрібаев сомдады. Спектакль көрермендердің көңілінен шыққаны байқалды.

Анатолий Любовин, Мәскеу мемлекеттік академиялық институтының ректоры:

Мен спектакльді әдейі ілеспе аударманы қолданбай қазақ тілінде тамашаладым. Маған барлығы анық әрі түсінікті болды. Қойылым соңында көзіме жас алдым.

Премьерасы алып қала Алматыда өткен спектакль енді Мәскеудің танымал Современник театрында қойылды. Қарашаның ортасында елордалықтар да тамашалай алады. Осылайша, Фариза, сахна арқылы тағы бір рет, жаңа қырынан халқына тіл қатты.

Индира БЕГАЙДАР


Хабарламаларға жазылу