Басты Жаңалықтар Семейде жаңа спорт кешені ашылды

Семейде жаңа спорт кешені ашылды

Семейде Мемлекет басшысы-Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Абайға құрмет» акциясы аясында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Нысан Ұшақтар кентінде бой көтерген. Ғимарат заманауи стандарттарға толық сәйкес келеді және тұрғындардың спортпен тұрақты айналысуына барлық жағдай жасалған. Кешен бір мезгілде 115 адамды қабылдауға есептелген. Ғимаратта ойын спорт түрлеріне, күрес, үстел теннисіне арналған жаттығу залдары бар. Спорт кешені «Абайға құрмет» акциясы аясында Батыс Қазақстан мен Абай облысының бірлескен жобасы нәтижесінде бой көтерген.
Берік Уәли, облыс әкімі:
Бүгінгі шара еліміздің қос қиырының, береке-бірлігі мен ұлттық біргейлігің жарқын көрінісі деп білемін. Батыс Қазақстан мен Абай облысы бір-бірінен шалғай орналасқан аймақ болса да ниеті ортақ, тілеуі бір екенін осы шарамен көрсетіп отыр. Батыс Қазақстан халқына Президентіміздің бастамасын алғаш болып қолдау білдіріп, өңірімізге еңселі, заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуына себеп болған Нариман Төрегалиұлына облыс жұртшылығы атынан алғыс айтамыз.
Кешен аумағында тұрғындар мен спортшылардың таза ауада жаттығуына арналған баскетбол және жаттығу алаңдары да қарастырылған. Бұл инфрақұрылым балалар мен жастардың, сондай-ақ, ересектердің дене шынықтырумен айналысуына, бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Қазіргі таңда «Абайға құрмет» акциясы аясында Семейдің әр аумағында еліміздегі облыстардың қолдауымен ондаған жаңа нысандар бой көтеріп жатыр.
Мұрат Мұқаев, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы:
Бүгінгі ортақ мынау спорт кешеніміз салған, бұл жай ғана ғимарат емес. Бұл облыс арасындағы достықтың нақты көрінісі. Осы жерден ел мақтанышы болатын спортшылар шығып, Қазақстанның көк туын халықаралық додаларда көкке көтерсін. Біз үшін ең үлкен қуаныш, бүгінгі тартудың ел игілігіне қызмет етіп, балалардың қуанышты күлкісі мен спорттағы жеңістерге куә болуы.

Бөлісу