Фатима Сұпығалиева дзюдодан қыздар арасында тұңғыш Әлем чемпионы атанды
Эквадорда өтіп жатқан дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына екінші алтын медаль түсті. Бұл жолы 52 келіге дейінгі салмақта сынға түскен 16 жастағы Фатима Сұпығалиева әлем чемпионы атанды. Ол Қазақстан тарихында қыздар арасында дзюдодан алтын медаль алған тұңғыш спортшы.
Фатима Сұпығалиева финалда украиналық Ксения Кирильчуктан басым түсті. Белдесудің негізгі уақыты тең аяқталып, жеңімпаз қосымша уақытта анықталды. Шешуші сәтте отандасымыз қарсыласына ұтымды әдіс жасап, жеңіске жетті. Айта кетейік, жарыста Інжу Жұмажан 57 келіге дейінгі салмақта күміс жүлдеге ие болды. Ал Ерік Үсенов пен Бекәли Еркен қола медаль жеңіп алды. Осылайша, Қазақстан құрамасы жарыстың екінші күнінен кейін жалпы медаль кестесінде көш бастап тұр. Қазір Ұлттық құраманың еншісінде 2 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль бар. Биылғы әлем чемпионатына 59 елден 457 жас татами шебері қатысуда. Жарыс ертеңге дейін жалғасады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы