Сарыағаш ауданы Әлімтау ауылында мал ұрлығы көбейіп барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сарыағаш ауданы Әлімтау ауылында мал ұрлығы көбейіп барады

29.10.2019

Түркістан облысы Сарыағаш ауданына қарасты Әлімтау ауылына барымташылар маза берер емес. Жергілікті жұрт мал ұрыларынан әбден зәрезап болған. Барымташылар кейінгі кезде жайылым түгілі, қорадағы малдан тұяқ қалдырмай сыпырып әкетіп жатыр. Алақандай ауылдың өзінен биылдың өзінде үйірлі жылқы қолды болған. Тағы жиырма шақты сиырды қарақшылар жайылымнан айдап әкетіпті. Барымтаға қарымта дейтін заман өткендіктен, халық полицияға шағымданады. Ал полиция, ұрты майланған барымташыларға әзірге еш бөгет бола алмай отыр.

Жастайынан қой баққан Тынымай апа жылдар бойы тірнектеп жиған ақ адал малының ұрының жетегінде кеткеніне іші удай ашып отыр. Осыншама малынан айырылған бір үйлі жан ішіп-жемнен де тарыға бастаған. Барымташылар қысқы азық пен отын су үшін сатып пұл қыламын деген малынан тұяқ қалдырмады.

Тынымай Мәлікова, ауыл тұрғыны:

Адамнан басқаның бәрі ұрланып жатыр ғой. Айтып отырмын ғой қой да кетті, жылқы да кетті, сиырда кетіп жатыр. Жағдай осындай...

Ауылда 20 шақты түтін бар. Бүгінде жоқ іздемеген бірде-бір үй жоқ. Барымташылардың басынғаны сонша, енді малды өз аяғымен айдап кетуді қойып, қорадан емін- еркін жетектеп кететін болыпты.

Жұмабек Досымбеков, ауыл тұрғыны:

Сиыр, қой, майда тұяқ қандай болса да әкете береді. Ұры күндіз емес, түнде келеді. Осы ауылда бар пәлен уақытта пәлен жерге барды деп айтып тұратын. Соның кім екенін білмейміз ғой.

Жұрт ызалы. Ұрылар ұсталғанымен, ізінше бостандықта жүреді. Кісендеп алып кетсе де, іс сотқа жетпей жатады. Ұрланған малдың біреу-екеуінің ғана ақшасын төлеткен соң ұры да, сақшы да дерексіз жоғалады.

Данабек Мәліков, ауыл тұрғыны:

Бірінші ұсталған кезде бәрін мойындаған. Сонымен бір сиырымды төлеп берді. Қалған сиыр жоқ. Білмеймін. Ұрыларымен байланысты ма? Ақша сұрап жатыр ма? Солармен ауыз жаласып қойған-ау.

Тап осы оқиға бойынша полиция жыл басында қылмыстық іс қозғаған. Тергеуден соң қолға түскен 5 азаматтың үшеуі сотты болды.

Сұлтан Өсіпбеков, Түркістан облысы полиция| департаменті басқармасы басшысының орынбасары:

Аталған қылмыс бойынша іс-шаралар атқарылып, күдікті азамат құрықталып, 2019 жылдың қаңтар айында сотқа жолданып күдіктілер сот шешімімен сотталды.

Сенімдеріне селкеу түскен жұрт енді не істерін білмей дал. Қорқауларды полицияның пәрмені де, құзыреті де тоқтата алатын емес. Ал тайраңдаған ұрыларды құрықтап, ел болып жазалайын десе, өздері жазықты боп, жазаға ұшырайтыны анық.

Ғани ҚАЛМАХАН


Хабарламаларға жазылу