Президент Жолдауда жол сапасына мән беруді тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Жолдауда жол сапасына мән беруді тапсырды

28.10.2019

Түркістан облысындағы бірнеше ауданда салынып жатқан жолдың 90 пайызы талапқа сай емес. Атап айтқанда, Жетісай, Мақтарал, Шардара, Сайрам, Келес аудандарында жаңадан салынып жатқан жолдың сапасы сын көтермейді. Арнайы органдар тексеріс жүргізіп, біраз былықтың бетін ашқан. Тұрғындар мердігерлер әр сантиметр жолдан бірнеше миллионды, тырнақшаның ішінде «жеп қоятынын» айтады. Ал мердігерлер кемшілікті түзейміз деуден аса алмай отыр.

Гүлжазира Ғалиқызы, тілші:

Мынау, жол сапасын тексеретін жылжымалы зертхана. Жолдың қалыңдығы, тығыздығы, ұзындығы, ені.... жобалық- сметалық құжатына сай ма, жоқ па? Соны тексереді. Ал мынау, жолды ойып, сынама алатын құрылғы...

Ұлттық сапа орталығының мамандары жолдың әр шетінен осындай 3 «күлше» кесіп алды. Бірі-қалың, бірі жұқа. Әйтеуір- біркелкі емес.

Данияр Камалов, Ұлттық сапа орталығының маманы:

Жобалық -сметалық құжаттамаға сай, бұл жол 4 см болу керек. Бұл жерде 3 см шықты. Яғни 1 см жетіспейді.

Демек, мердігер 1 сантиметрден бірнеше миллион жеуге дәніккен. «Олардың құйтырқы «қылмыстары» зертханасыз-ақ, көзге ұрып тұр»,-дейді тұрғындар.

Бақтияр Талғаров, тұрғын:

Көрініп тұр ғой. Бір қыстан шыға ма, шықпай ма, салынғаны кеше. Екі апта болған жоқ.

Екі апта болмаса да, кей жолдарға шөп шығып үлгерген. Тас жолдың «тығыздығын» осыдан- ақ шамалауға болады. Көбінің беті- шұрық-тесік, қисық-қыңыр, жиектері ыдырап, жайрап жатыр.

Ал мердігерлердің беті бүлк етпейді.

Шала-шарпы тірлігін көзіне шұқып көрсеткенде, қайтіп істеп береміз деп құтылды.

Дәурен Балтабай, мердігер компания өкілі:

Жабынын алып тастап, қайта төсеп береміз асфальтті. Қайтадан төсеп береміз бес күн ішінде...

Биыл Келес ауданының орталығы Абай ауылында жалпы ұзындығы 28 шақырым болатын 23 көшені жөндеуге бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінген екен. Тендерді ұтқан пысықайлар сол қаржының жартысын қарпып үлгерген. Ал салған жолдарының сиқы-анау. Абырой болғанда жергілікті билік олардың жұмысын әлі қабылдапты. Қабылдағанда, аудан әкімдігінің басына қара бұлт үйірілер еді.

Ерұлан Тұңғышаев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимыл агенттігінің түркістан облысы бойынша департаменті инспекторы:

Негізгі мақсат — мердігерлердің сапасын арттыру, жол саласына бөлінген бюджет ақшасын тиімділігін арттыру және қоғамдық бақылауды ұйымдастыру..

Сапасыз жол салғандар сазайын тартады. Жетісай, Мақтарал, Шардара, Сайрам, Келес аудандарында анықталған 10 мердігер жолды қайта салады. Ол аздай айыппұл төлейтін болды.

Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу