Жер шетелдіктерге сатылмайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жер шетелдіктерге сатылмайды

02.09.2019

Жер шетелдіктерге сатылмайды. Президент өзінің осы мәселеге қатысты берік ұстанымын бүгінгі Жолдауда тағы бір мәрте нығарлап айтты. Есесіне, қазақтың шұрайлы жерін тиімді пайдалануға баса мән беріледі. Кезінде үлкен жер телімдерін тегін иемденіп, бірақ кәдеге жаратпаған қожайындардан бұл аумақтар мемлекетке кері қайтарылады. Президент осыған пәрмен берді. Себебі жердің жетіспеушілігінен фермерлер ет өндірісін өркендете алмай отыр. 

Ет және басқа да отандық өнімдердің экспортын арттыру – ел дамуына қажет маңызды міндеттердің бірі. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі суармалы жерлердің көлемін 2030 жылға қарай кезең-кезеңімен 3 млн гектарға ұлғайтуды тапсырды. Бұл қадам ауылшаруашылық өнімдерін 4,5 есеге ұлғайтады. Әлбетте, ауыл шаруашылығы саласына шетелдік инвесторларды тарту ешқашан күн тәртібінен түспек емес.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу