Әскерилер мұхитқа төгілген мұнайды жинап жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әскерилер мұхитқа төгілген мұнайды жинап жатыр

23.10.2019

Бразилияда мұхитқа төгілген мұнайды жинауға әскер жұмылдырылды. Қоймалжың қара май екі айдан бері бірнеше шақырымға тарап, адам аяғы баспаған жағажайларды ластап жатыр. Оның салдары қоршаған ортаға зор қауіп төндіруде. Сондықтан мұнай қалдықтары мұхиттан ғана емес, тастар мен құм арасынан да жиналуда.

Жергілікті биліктің хабарлауынша, қыркүйектің 12-нен бері жағалаулардан 600 тонна мұнай жиналған. Дегенмен, мамандар бұл аумақты толық тазалау үшін 10-20 жыл кетуі мүмкін деп отыр.

Ел президенті Жаир Болсонару мұнайдың мұхитқа қасақана төгілгенін айтып, оған Венесуэланы айыптады. Сарапшылар жүргізген биохимиялық талдау да қоймалжың майдың сол елде өндірілгенін аңғартады. Алайда ресми Каракас өзіне тағылған кінәні жоққа шығарып отыр.

Жансая Қапасқызы

Хабарламаларға жазылу