Түркия Сириядағы әскери операцияны жалғастыруы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркия Сириядағы әскери операцияны жалғастыруы мүмкін

22.10.2019

Бүгін Түркия мен АҚШ арасында Сириядағы әскери операцияларды уақытша тоқтату туралы келісімнің соңғы күні. Осыған орай, Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған егер Вашингтон талаптарды әрі қарай орындамаса, шабуылдарды жалғастыратынын айтты. Сол келісімнен кейін, «Халықтық қорғаныс жасақтары» «қауіпсіз аймақтан» кете бастаған. Дегенмен олар операцияларды доғаруға уағдаласқаннан кейін де шабуылдарды тоқтатпады. Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлының айтуынша, тараптар бес күн ішінде талаптарды 22 рет бұзған. Енді Түркия басшысының қандай шара қабылдайтыны Ресей президенті Владимир Путинмен қазанның 22-не жоспарланған кездесуден кейін белгілі болмақ.

Невзат Уянык, Түркия Республикасының Қазақстандағы төтенше жəне өкілетті елшісі:

Америкамен жасалған уақытша келісім негізінде қауіпсіз аумақ құрылатын жерден олардың қаруларын тастап, халықты жайына қалдырып кетуіне уақыт бердік. Себебі «ДАИШ» және PKK лаңкестік ұйымының Сириядағы қанаттары YPG және PYD бір миллиондай халыққа зорлық-зомбылық көрсетіп, елдерінен босқын етті. 305 мыңдай күрд халқы Түркияға бас сауғалады. Лаңкестерден тазаланған қауіпсіз аумақтарға сириялық бауырларымыздың өз еріктерімен өз отандарына, атамекендеріне оралып, тіршілігін жалғастыруына жан-жақты қолдау көрсетіп, жол ашамыз. Шекаралық қауіпсіздігіміз орнығып, аймақ террорлық қатерден арылғанға дейін операциямызды жалғастыра беруге ниеттіміз.

Жансая Қапасқызы

Хабарламаларға жазылу