Жерді игере алсаң пайдаңа, игера алмасаң сорыңа айналады. Бұрынғыдай, бір күні қажетіме жарап қалар деген түсінікпен гектар алып қалатын күн енді қайта тумайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселеге қатысты қыркүйектегі Жолдауында Үкіметке қандай тапсырма бергенін баршаңыз білесіздер. Содан бері не өзгерді? Жерді жөнді қолданбайтындарды не күтіп тұр?
Ұлан-байтақ даламызда егін егуге және жайылымға жарайтын миллиондаған гектар жер бар. Бақылауы жоқ, заңы әлсіз заманда көптеген «пысықайлар» беделдің мысы, ақшаның күшімен көздеген жерлерін шарпып қалғаны мәлім. Бертінге дейін соның біразы анықталды және мемлекет меншігіне қайтарылуда. Арғысы әмбеге аян, тек соңғы екі жылда 8 миллион гектарға жуық ауылшаруашылығына жарайтын жер бар екені белгілі болған. Қағаз жүзіндегі қожайындарына ескерту жасалып, соның жартысына жуығы жермен жұмыс істеуді бастаған. Ал талапқа көнбегендерден жер жаппай қайтарылуда.
Гүлжаһан Бимендина, ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы:
Бір Қостанай облысының өзінде 300 мың гектар жер учаскесі өз еркімен мемлекет меншігіне қайтарып отыр.
Қожайыны бар, бірақ игерілмей бос жатқан миллиондаған гектарлардың иелеріне тықыр таянды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке тапсырма бергелі сең қозғалып, ешкімнің атақ абыройына қарамайтын қағидалар енуде. Соның бір сыпырасына тоқталсақ: бірінші, ауылшаруашылық жерлері ғарыштан бақыланады. Жерді иеленушілер туралы ақпарат автоматтандырылған. Жерді мерзімінде игермесең, әуелі хат келеді, содан соң он есе салық салынады, соңында жерді қайтарып алады. Қысқасы, жерді алып еңбек етпесең, өз-өзіңе сор тілеп алдым есепте.
Гүлжаһан Бимендина, ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы:
Егер сіз жер учаскесіндегі заң бұзушылықты жоймаған жағдайда сот арқылы мемлекет меншігіне қайтарылады деген тұжырымдамамен оның бәрі қазіргі таңда қаралып отыр. Бұл нормалардың барлығын мемлекеттік органдармен, «Атамекенмен» ақылдасып отырмыз.
Тағы бір тың тәртіп. Бұрын пайдалануға берілген жер бес жылға дейін тексерілмеген. Оның мерзімі биылдан бастап 1 жылға дейін қысқартылды. Қазіргі уақытта барлық облыста, кімге қандай және қанша жер берілгені анықталуда. Бизнес қауымдастықтың аманатын арқалап жүрген «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл мәселеге қатысты мынандай ұсыныс айтты...
Ернұр Әбжан, «Атамекен» ҰКП сарапшысы:
Игерілмей жатқан жерлерді анықтау мәселесі. Оны аудандық инспекторлар анықтайды. Олар әкімшіліктің қарамағында. Жерді кім береді, ол да әкімшілік. Бұл схема дұрыс емес. Инспекторларды әкімшілік қарамағынан шығару керек.
Ербол Мәндібек, тілші:
Бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жеңілдетілген және жеделдетілген. «Бұл тұрғыда аса қатты бас ауыртатын мәселе жоқ»,- дейді сарапшылар. Мәселе, қайтарып алынған жерлерді қайтадан қолданысқа берудің күрделілігінде. Яғни елімізде бос жатқан жерлер туралы жалпыға ортақ біріңғай ашық мәлімет жоқ. Жер алып, іс бастағысы келетін кәсіпкерлер көбіне бюрократиялық кедергілерге тап болады. Сондықтан «Атамекен» ҰКП алдағы уақытта құзырлы мекемелерге арнайы ұсыныспен шықпақшы.
Ербол МӘНДІБЕК