Моңғолияның әуе компаниясы «Ұланбатыр-Алматы» бағытында рейстер орындайтын болады. Бүгін Премьер-Министр Асқар Мамин «Қазақстан-Моңғолия» бизнес форумында осы жаңалықты жария етті. Шараға қатысқан Моңғолия премьер-министрі Ухнаагийн Хурэлсух «аталған рейстердің ашылуы арадағы барыс-келіспен, алыс-беріске тың серпін береді» дегенге сенімін білдірді.
Қазақстан - Азия мен Еуропа арасындағы алтын көпірге айналғалы қашан. Ал құрлықта Қытай және Ресеймен қана шекараласатын Моңғолия үшін біздің транзиттік әлеуетіміз ауадай қажет. Екі ел бизнесмендері соңғы екі жылда осымен төртінші рет кездесіп отыр. Әдетте, Моңғол елі бізден көлік, бидай, азық-түлік өнімдерін алады. Өткен жылы арадағы сауда 80 миллион долларға жеткен. Оның 75 миллионы Қазақстанның экспорты.
Нұралы Бөкейханов, Қазақстанның сыртқы сауда палатасының төраға орынбасары:
1200 автобус алмақшы. Оның 300 биыл алмақшы. Экспортталады деп ойлаймыз.
Форум барысында бірнеше құжат бекіді. Олар экономиканың сан-саласын қамтыған. Қазақстан тарапы алдағы уақытта Моңғолияда алтын өңдеу өндірісін салмақ. Моңғол тарапы өз кезегінде, еліміздің шығысында әлемге әйгілі кашмир өндірісін орнатуға ниетті.
Бәделхан Қабдісләмұлы, Моңғолияның қала құрылысы министрі:
Моңғол елінің негізі тау-кен... Қазақстан елімен бірлесіп пайдаланымз деген мақсат қойып жатыр.
Мұрат Дәкей, Моңғолия ұлы мемлекеттік хуралының мүшесі:
Бай-Өлкедегі самолетті Өскеменге қондыру талқыланып жатыр... Өскеменнен ары қарай ішкі рейсетрмен шешіле береді.
Екі ел өзін «киіз туырлықты, ағаш уықты» деп атайды. Алайда, Моңғолияның премьер-министрі Ухнаагийн Хурэлсух соңғы 25 жылда Қазақ еліне ресми сапармен келген тек екінші Үкіметбасы. Өзімен бірге 4 министр және 100-ге жуық бизнесменді ерте келген. Сапар сәтті болды. Үкіметаралық 7 құжат бекіп, тараптар баяулап қалған байланысты дамытуға уағдаласты.
Ғабит БӨКЕНБАЙ