Шаң басқан ауыл. Маңғыстауда Шетпе ауылының тұрғындары айналадағы карьерлердің зардабын тартып отыр. Жер қазатын компания экологиялық талаптарды сақтамай, айналаны ойран етті.
Мақаш Берішбаев Шетпе ауылында туып өскен. Қария қартайған шағында карерьдің кеселін тартып отыр. Жер қазатындардың дүмпілдеткен соққысы қара шаңырақтың қабырғасын сөкті. Былтыр құлауға шақ қалған үйді бұзуға тура келді.
Мақаш Берішбаев, Шетпе ауылының тұрғыны:
Жел дейтін сыпыра 300 күн осы жақтан болады. Сонда шаң Шетпені көмеді де тұрады. Дүмпу қатты болады. Тасты көп алу үшін, көп уату үшін дәріні көп салғызады ғой.
Ауыл тұрғындары мәселеге қатты алаңдаулы. Шыдамның да шегі бар деп наздарын айтты.
Өтелген Жайлаубай, Шетпе ауылының тұрғыны:
Барлығы адамның ішіне кетеді, тыныс жолдары алқылы. Шетпенің басында екінің бірі аллергия, екінің бірі жара, екінің бірі сол өкпесі ауырады.
Сегізбай Әнес, Шетпе ауылының тұрғыны:
Карьерлердің бастықтары тыңдамайды, келмейді. Менсінбейді деген сияқты. Арғы жағында тіреуі бар адамдар ма? Біз бұл мәселені одан әрі көтереміз. Халық ренжіп отыр.
Шетпенің таулары сонау 60-шы жылдан бастап игерілуде. Ол кезде 2 карьер болатын. Ал қазір экологтардың мәліметінше, 29 карьер жұмыс істеп тұр. Барлығы да таудың тасын уатып, құрылыс материалдарына пайдаланылады.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Тұрғындардың айтуынша, Шетпеде 30-дан астам карьер бар. Ал ауыл әкімі берген мәліметке сүйенсек, олардың саны — 13. Қара таудың тасын май шелпекке айналдырғандар қарапайым ережелерді сақтамайды. Тауды қопарып, тасты бұзып, 16 мың халқы бар ауылды шаңға көміп отыр.
Тас тиеген ауыр жүк көліктері қара жолдың қыртысын бұзды. Жақында экологтар тас қазған, 7 компанияны тексерген. Сөйтіп заңды белшесінен басқан 7 компанияның да жұмысын тоқтату жөнінде сотқа шағым берілді.
Руслан Тукенов, Маңғыстау облыстық экология басқармасының басшысы:
Бұрынғы кездерде заңбұзушылықтарды жою жөніндегі ұсыныспен айыппұлдар салу арқылы шектелген болатынбыз. Қазір мәселе өршуіне байланысты, халықтың талабына байланысты, заңбұзушылықтар қайта-қайта орын алып отырған соң, біз осындай қадамға баруға мүжбүр болып отырмыз.
Қазір карьер қожайындарына тас ату қондырғыларын ауылдан алыс қою ұсынылып отыр. Сөйтіп шаңды азайтуға болады. Ол үшін арнайы жер де бөлінді.
Мұхтар Мүтәллапов, Шетпе ауылының әкімі:
Бұл мәселеге өткен айда басталды. Бір ай мерзім берілді. Енді бұлар көшу жөнінде Облыстық жерқатынастар бөлімі арқылы карьер басшыларымен кездесіп, бұл жұмыстар жүріп жатыр.
Әкім карьерден ауылға кіріп жүрген жүк көліктеріне енді жолдар жабылады деп сендірді. Ал экологтар болса, жер қазатындардың барлығын тексеруге прокуратурадан рұқсат күтіп отыр.
Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ