Түркістан облысы Келес ауданының диқандары биыл егістіктен екі рет өнім алып, енді үшінші дақылды егіп өсіріп жатыр. Тап осы жаңашыл әдісті былтыр тәжірибе ретінде сынып көрген олар табысты болған. Жердің бабы мен күн райының қолайлы кезеңін үйлестіре білген диқандар алдымен қырыққабат, одан соң картоп, ең соңында қызанақ пен қияр өсіріп көрді. Ал биыл мұнан басқа да ауыл шаруашылығы өнімдері егіліп, мол өнім жиналуда.
Диқандар қазір үшінші рет егілген дақылды күтіп баптау үстінде. Қыркүйек айында отырғызған шалғам, пияз, қызылша тұқымы желек жайып келеді.
Әбдіәкім Қарабалаев, агроном:
Біріншіден, бұлар суыққа шыдамды. Екіншіден, жиып алған соң суыққа ұрындырмай жерге ұра қазып, көп сақтауға болады.
Диқандар егіске ақпан айында кірісті. Алдымен қырыққабат екті. Өйткені ол ерте көктемдегі суықа төзімді. Көшетін жылыжайда өндірілген көкөніс ашық алқапта 45 күнде пісіп жетілді. Оны жиып алған соң орнына бұршақ тұқымдас дақылдар себілді.
Жаңа әрі тиімді тәсілге көшкен диқандар көкөніс көшеттерін арнайы жылыжайда өздері өсіреді. Бір ерекшелігі көшеттер арнайы құтыларда өсіріледі. Бұл оны егістікке техниканың көмегімен отырғызуға мүмкіндік береді. Бұрынғыдай қол күшін қажет етпейді.
Бердияр Қалымбетов, ғалым, жоба жетекшісі:
Кассеталық технологияның ерекшелігі аз орын алады. Көшетті машиналық технологиямен отырғызу үшін жарамды саналады. Тамырымен бірге өскен көшет ашық алқапқа егілгенде жақсы дамып, қысқа уақытта пісіп жетіледі.
Аймақта алдыңғы қатарлы технологияны пайдалана отырып, жылына егістіктен 2-3 рет өнім алатын 29 жоба іске қосылған. Алғашқы өнімнен шаруалар биыл 4275 тонна өнім жинады. 405 млн теңгенің өнімі өндірілді.
Ахментай Есбаев, Келес ауданының әкімі:
Ауыл шаруашылығы өнім көлемін біз 2-3 өнім ала отырып, тағы 1,5-2 есеге арттыруға мүмкіндік туды.
Бір маусымда жерден үш рет өнім жиып алу аграрлық сала үшін де, шаруаға да тиімді болмақ. Өнім көлемінің артуына байланысты енді аймақта өнімдерді сақтауға арналған қоймаларды көбейту міндеті тұр. Ол үшін ауданда арнайы аграрлы инудстриалды аймақ құрылды.
Ғани Қалмаханов