Оңтүстік Корея еңбек мигранттарына қатысты тәртіпті күшейтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оңтүстік Корея еңбек мигранттарына қатысты тәртіпті күшейтіп жатыр

07.10.2019

Оңтүстік Кореяда кішкентай баланы қағып кеткен қазақстандық Павлодарда жүр. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді. Осыдан бірнеше күн бұрын 20 жастағы азамат Кореяда 7 жасар баланы қағып кетіп, оқиға орнынан қашып кеткені белгілі болған еді. Отандасымыздың осы әрекеті үшін Корея тарапынан арнайы құжаттар келіп түскен. Оны Сыртқы істер министрлігі Бас прокуратураға жолдаған. Енді бұл мәселе екі мемлекеттің құқық қорғау органдарының арасында шешілмек.

Айбек Смадияров, ҚР СІМ ресми өкілі:

Қазақстан тарапынан ешқандай шара қолданылған жоқ. Үйінде, бостандықта жүр. Тек қана кәріс тарапының құжатының негізінде ол іс қарастырылады.

Осы оқиғадан соң, ресми Сеул Оңтүстік Кореяда заңсыз жүрген шетелдіктердің елден шығу тәртібін қатаңдататын хабарлады. Атап айтсақ, өзге мемлекеттің азаматтары 3-15 күн аралығында жергілікті иммиграциялық орталыққа барып, жолға шығатын күнін хабарлау керек. Сондай-ақ ешқандай криминалдық оқиғаларға қатысы жоқ екені де тексерілмек. "The Korea Times"-тың хабарлауынша, мұндай шара елде жүрген заңсыз мигранттардың заңға қайшы әрекеттерінен кейін қолға алынып отыр. Айта кетейік, қазанның 2-де Сеулде заңсыз жүрген тағы бір отандасымыз такси көлігін соғып кеткен еді. Кейін ол полицейлердің қолына түсті.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу